Қызылордада тігілген ерлер жейдесіне сұраныс артып келеді

Қызылордада тігілген ерлер жейдесі республикаға таралып жатыр. Осыдан 2 ай бұрын ашылған тігін фабрикасының өнімдері өңірден бөлек Алматы, Атырау және Шымкент шаһарларының сауда сөрелерінен орын алған. Сырбойылық кәсіпкер жыл аяғына дейін ел нарығын толық қамтып, сапалы әрі бағасы арзан өнімін Ресейге шығарғысы келеді. Ділмұхамед Абызов, тігін фабрикасының жетекшісі: — Тігін машиналарын, қосалқы заттардың бәрін жапондық технология бойынша Түркиядан сатып алдық. Қазіргі таңда 30 адамдай жұмыс істейді. Ең басында 100 көйлектен бастадық. 100-150 қазір жылдамдық көбейген сайын, қол үйренген сайын 220-ға жетті. Негізгі жобамыз – 400-500 көйлек күніне шығару. 20 жылдай шетелден киім әкеліп, алып-сатумен айналысқан Ділмұхамед Абызов ерлер жейдесін өзімізде де сапалы тігуге болатынын, оның тіпті пайдасы мол екеніне көз жеткізген. Алдымен бизнес жобасын кесіп-пішкен кәсіпкер биыл көктемде көйлек-көншек өндірісін бастап кетті. Ғалымбек Жақсылықов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры: — Қаламызда, өңірде өндіріс ашсақ, ол тиімсіз болады деген жалпы қалыптасқан көзқарас бар. Ондай көзқарастан арылуымыз керек. Өндіріс ашып, оны тек өзіміздің қаламызда немесе облыс нарығымен шектелмей, басқа өңір-аймақтарға да шығару керек деп ойлаймын. Кәсіпкерлік палатасынан қажетті қолдаулардың барлығын көрсетеміз. Сыртқы нарыққа шығу жағынан, басқа облыстарға шығу жағынан қолдау көрсетеміз деп айтқым келеді. Жадыра Ботабекованың құқықтану пәнінің мұғалімі және мектепалды даярлау тобының тәрбиешісі деген білдей 2 мамандығы бар. Соның өзінде жұмыс таба алмай, қос дипломды құшақтап, 2 жылдай үйде отырған. Енді, міне 2 айдан бері тігінге қол үйретіп, цехта тер төгіп жүр. Жадыра Ботабекова, тігінші: — Негізі бұрын-соңды тігін тікпегенмін. Осында келіп шеберлер үйретіп жатыр. Негізі, бұл жердегі міндетім – жағаны өтектеу, жағаны шығару. Қазір жайлап, тігу жұмыстарын үйретіп жатыр. Ұжым жақсы, осы фабриканың аяқтан тұрып кетуіне барынша атсалысып жатырмыз. Тігін фабрикасы түрлі үлгідегі көйлектердің матасын Түркиядан алдырады. Өзімізден шыққан өнім Қызылорда дүкендерінде 5 мың теңгеден саудаланып жатыр. Бірер күнде оқушы балаларға арналған жейделер сатылымға шығарылады. Жақын болашақта Сыр бойында тігілген костюм-шалбарларды киіп қалуымыз да ғажап емес. Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Источник: http://24.kz/kz/zha-aly-tar/otandy-nimdi-satyp-al/item/133705-yzylordada-tigilgen-erler-zhejdesine-s-ranys-artyp-keledi

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *